Бөбекжай-бақшамызда "Ботақан","Құлыншақ" ересек топтар арасында тәрбиешілер Р.Құрманбаева мен Г.Рысмаханованың ұйымдастыруымен "Шымырлық пен шеберлік" сайысы және интеллектуалды ойыны болып өтті.

Мақсаты: балалардың бойына ұлттық салт- дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды сіңіру. Ойын ойнау барысында ойлау, есте сақтау, ептілік қабілеттерін дамыту және саусақ, қол моторикасын жетілдіру. Білімге деген қызығушылығын арттыру. Тез және дұрыс шешім қабылдауға үйрету.

Ойынға 3 баладан құралған "Қыран" және "Тұлпар" тобы қатысты. Сайыс екі бөлімнен құралған.

Бірінші бөлімде "Шебер қолдар" тақырыбында қыздарымыз бұрым өруден жарысты. "Кім епті?" кезеңінде ұлдарымыз қамшы өрді. "Кім күшті?" кезеңінде ұлдарымыз күш сынасты. Сайыс өте қызықты, әрі тартысты өтті.

Сайысымыздың екінші бөлімі интеллектуалды ойындармен жалғасты.

Үш кезеңнен тұратын ойындарымыздың тақырыбы:

1) "Жұмбақтар"

2) "Тауып көр"

3) "Сен білесің бе?"

Балалар жұмбақ шешіп, тақтадағы ұяшықтарға жасырынған суреттерді табудан жарысты.

Сайысымыздың қорытындысы бойынша "Тұлпар" тобы оза шауып жеңімпаз атанды. Кішкентай бүлдіршіндерімізге "Талаптарыңа нұр жаусын!" дей отырып жеңісімен құттықтаймыз!

"Қыран" тобына сәттілік тілейміз!